Жаңа салмаққа бейімделу үшін 1,5 жыл уақыт керек – Дәулет Ниязбеков Ризабек Айтмұқан жайлы

Редактор
07.02.2024, 08:57

Әлем чемпионы Қазақстан біріншілігінің финалында жеңілді 

Туризм және спорт министрлігі

Еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков Астанада аяқталған күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігіне қатысты пікір білдірді. Bassport.kz-тің жазуынша, ол легионерлердің құрамаға қосылуына қарсы. Шетелден келетін спортшылар өз балуандарымыздың жолын жабады дейді спорт маманы.

Дәулет Ниязбеков өзі белдескен 65 келіге дейінгі салмақтағы балуандар туралы айта келе, оның ішінде ресейлік легионер, Шымкент қаласының атынан белдескен Начын Кууларға қатысты көзқарасын жеткізді. 

«65 келіде маңғыстаулық жас балуан чемпион болды. Алайда, лицензиялық турнирге Санжар Мұхтарды жіберетін шығар деп ойлаймын. Былтырғы ел чемпионы, әрі тәжірибесі бар. Ресейлік легионерге келер болсам, Начынның күресетені туралы былтыр хабар тараған. Оны өткен жылғы ел біріншілігінде күреседі деп естігенмін. Бірақ биылғы чемпионатқа дайындалыпты. Начын мен Санжар арасындағы белдесуді толық көрмедім. Жалпы, мен легионерлердің келуіне әу бастан қарсы адаммын. Құптамаймын. Олар қазақ балуандарының жолын жабады», - деді балуан. 

Сондай-ақ, Ниязбеков 97 келіге дейінгі салмақта керемет белдесу көрсеткен Ризабек Айтмұхан мен Әлішер Ерғалидің жекпе-жегіне ерекше тоқталып өтті. 

«Шыны керек, бұл кездесуден көрермен ретінде ерекше ләззат алдым. Таблодағы есепке де қарамай, күрестеріне риза болып отырдым. Екі балуан да еркін күрестің шын шебері. Екеуі де елімізде еркін күрестің қарқын алғанын көрсетті. Ризабек өзі үшін жаңа салмаққа ауысып отыр. Негізі, басқа салмаққа бейімделу үшін бір жарым жылдай уақыт керек. Десе де, Айтмұхан бұл салмақта өзін жайлы сезінетін секілді. Екеуі де мықты»,  - деді Дәулет Ниязбеков.

Айта кетейік, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан салмағын 92-ден 97 келіге ауыстырып, жаңа салмақта Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Финалда ол Әлішер Ерғалидан жеңіліп қалған.