Жарнама
Жарнама

Алмас Өтешов бапкерлік қызметке тағайындалды

Редактор
12.01.2026, 14:11

Ол енді облыс құрамасын жаттықтырады. 

Видеодан алынған кадр

Қызылорда облысы спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығымен қазақстандық танымал зілтемірші Алмас Өтешов ауыр атлетикадан ересектер арасындағы облыстық құрама команданың аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы «Спорт министрі» telegram-арнасы хабарлады.

Алмас Дәулетярұлы – қазақстандық ауыр атлетика тарихында өзіндік орны бар спортшы. Ол – Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері әрі Азия чемпионы. Енді ол мол тәжірибесін бапкерлік жолда жалғастырып, өңір спортының дамуына үлес қоспақ.

Айта кету керек, Өтешов соңғы жылдары көпшілік назарынан тыс қалған еді. Екі жылдай бұрын журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген ашық сұхбатында спортшы өміріндегі қиын кезеңді жасырмай айтып, отбасынан ажырап, жұмыссыз қалғанын, зиянды әдеттерге бой алдырғанын мойындаған болатын. Аталған жағдайдан кейін оған Қызылорда облысының спорт басқармасы тарапынан қолдау көрсетілді.

Өтешовтің өзі де кейінгі сұхбаттарында жаман әдеттерден толық бас тартқанын, салауатты өмір салтына көшкенін және өмірін жаңа арнаға бұрғанын атап өтті. Тіпті ол «Байгайстан» атты отандық фильмге түсіп, актерлік дебют жасағанын Instagram парақшасында қуана жариялаған еді.

«Біртін-біртін басталып жатыр. «Байгайстанда» өзімді сынап көрдім. Киноға түсу бала күнгі арманым болатын. Қазір сол арманым орындалып жатқандай, шүкір», – деп жазды ол.

Сонымен қатар Алмас Өтешов автокөлік сатып алғанын да жазған. 

Реклама
Реклама