21 жастағы спортшыны өзге спортшы қағып кеткен
Француз мотошабандозы Рафаэль Шоле Францияның Грейан-э-л’Опиталь елді мекенінде өткен Gurp TT жарысы кезінде оқыстан болған апаттан көз жұмды. Бұл туралы Франция мотокросс біріншілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Lille Actu басылымының жазуынша, жарыстың шамамен 15-минутында мотоциклден құлаған Рафаэль Шолені соңынан келе жатқан өзге бір қатысушы қағып кеткен. Ауыр жарақат алған спортшы тікұшақпен Бордо қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаты салдарынан көп ұзамай қайтыс болды.
21 жастағы Рафаэль Шоле құмды жолдардағы мотокросс чемпионатына екі жыл қатарынан қатысқан.
Айта кетейік, Францияда мотокросс жарыстарында бұған дейін де адам өлімімен аяқталған оқиғалар тіркелген. 2019 жылы Ла-Босс-де-Бретань қаласында 23 жастағы спортшы Борис Прюдом жарыс кезінде бақилық болған еді.