Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген
2026 жылы Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақтың ұлттық ойыны – көкпар алынып тасталған болатын. «Қазақстан көкпар федерациясының» президенті Айдарбек Қожаназаров жағдай өзгергенін айтты.
«Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, өырғызстандық әріптестермен талқылай келе осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрлері. Бұл - тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің нышаны болуы керек», - деді Қожаназаров.
Былтырғы жылы ойындар тізімі шыққанда көкпар Көшпенділер ойындары бағдарламасына енбеген еді, тек көкбөрі болған. Бұл басқа қатысушы елдер үшін де маңызға ие, себебі көкпарды Қазақстаннан бөлек ойынға келетін Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты бірқатар елдерде де кеңінен таралған.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Ойындарға шамамен 100 елдің қатысуы күтіліп отыр.
Еске салайық, былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында көкпар мен көкбөрі жарысы қатар өткен. Көкпар сайысында Қазақстан құрамасы топ жарып, бас жүлдені еншілеген. Алайда жарыс біте сала, екінші орынды қанағат тұтқан Қырғызстан спортшылары марапаттау рәсімін күтпестен, мінберден кетіп қалған болатын.