«Жетісу» волейбол клубы – Қазақстан чемпионатының 9 және кубогының 9 дүркін чемпионы
Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өткен Қазақстанның Суперкубок чемпионаты мәресіне жетті.
Жетісу облыстық әкімдігінің мәліметінше, финалда «Жетісу» волейболшылары «Тұран» командасымен ойнап, 3:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп ел Суперкубогының бесінші мәрте иегері атанды.
Ойын аяқталғаннан кейін «Жетісу» командасының бас бапкері Марко Гршич ой бөлісті:
Командамды және барша жанкүйерді шын жүректен құттықтаймын. Қиындықтарға қарамастан, біз Суперкубокты тағы да Жетісу жеріне алып келдік. Сол үшін де қуаныштымын және біздің тілекшілеріміздің бәрі риза деп ойлаймын. Бұл Азия чемпиондар лигасына қатысуға жасалған тағы бір сәтті қадам деп білемін, – деді бас бапкер.
Ал «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Перизат Нұрбергенова ел біріншілігіне дайындық жалғасатынын алға тартты.
Біз осы жетістікпен тоқтап қалмайтынымыз анық. Алдымызда маңызды ойындар күтіп тұр. Ел чемпионатындағы тартыс дәл қазір шиеленісе түсті. Чемпион болу бір еңбекті талап етсе, оны сақтап қалу мың еңбекті қажет етеді. Сондықтан біз енді чемпионаттағы ойындарға дайындаламыз, – дейді Перизат Нұрбергенова.
Атап өтсек, «Жетісу» волейбол клубының сарапшысы Руслан Кенжебаевтың жасаған талдау мәліметтеріне қарағанда, «Тұранмен» ойында Мария Фролова (21 ұпай), Ирина Кенжебаева (12 ұпай), Наталья Борисенко (8 ұпай) үздік ойын көрсеткен.
Еске салсақ, «Жетісу» волейбол клубы – Қазақстан чемпионатының 9 және кубогының 9 дүркін чемпионы, Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы.