Адам Қадыров жасөспірім кезінен бокспен айналысқан, қазір аралас жекпе-жек (MMA) спортында бақ сынап жүр
Niyso телеграм-арнасы мен Кавказ.Реалии басылымының хабарлауынша, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы, спортшы Адам Қадыров Грозный қаласында жол апатына түсіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, Адам Қадыров ес-түссіз күйде Грозныйдағы республикалық ауруханада жатыр, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Niyso дерегіне сәйкес, оған реанимациялық көмек көрсетіліп, Мәскеуге тасымалдауға дайындық жүргізілуде. Алайда Шешенстан билігі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Дереккөздер жол апаты кезінде кортеждің жоғары жылдамдықпен қозғалғанын, бірнеше көліктің соқтығысқанын хабарлайды. Апат салдарынан бірнеше адамның жарақат алғаны айтылып отыр. Оқиғадан кейін Грозный қаласының кейбір көшелері уақытша жабылған.
Адам Қадыров – Рамзан Қадыровтың көпшілікке танымал ұлдарының бірі. 2023 жылдың қыркүйегінде Рамзан Қадыров әлеуметтік желіде оның тергеу изоляторында Құранды өртеді деп айыпталған Никита Журавельді ұрып жатқан видеосын жариялаған еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған.
БАҚ мәліметінше, осы оқиғадан кейін Адам Қадыровқа бір жылдан астам уақыт ішінде онға жуық мемлекеттік награда табысталған. Тек 2024 жылдың қазан айының өзінде оған үш бірдей орден берілген. Оның ішінде «Шешенстан Республикасының батыры» атағы да бар.
Адам Қадыров жасөспірім кезінен бокспен айналысқан, қазір аралас жекпе-жек (MMA) спортында бақ сынап жүр. Ол ел ішіндегі бірқатар турнирлерде жеңіске жеткенімен, халықаралық жарыстарда жүлде алғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сонымен қатар ол «Шейх Мансур» атындағы батальонның кураторы және әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің басшысы болып тағайындалған.
БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, Адам Қадыровтың анасы – 2006 жылы «Шешенстан аруы» атанған Замира Джабраилова. Ол Адамды 15 жасында дүниеге әкелген.
2023 жылдың қарашасынан бері Адам Қадыров мемлекет басшысының қауіпсіздік қызметін басқарып келеді.