«Серік Сәпиев пен орынбасары арасындағы төбелес»: екі тарап келісімге келді

Редактор
Бүгін, 16:21

Айдар Махметов арада төбелес болмағанын айтады. 

GOV.KZ

«Жеңіс» дзюдо клубының директоры Айдар Махметов Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевке қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Сәпиев пен орынбасары арасындағы кикілжің жұмыс мәселесіне байланысты туындаған, ал физикалық күш қолдану туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Айдар Махметов Серік Сәпиевпен сөйлескенін айтып, жағдайдың толықтай реттелгенін мәлімдеді.

«Жаңа ғана Серікпен сөйлестім. Оның орынбасары Есімхановпен арадағы келіспеушілік тек қызметтік мәселелерге, нақтырақ айтқанда, қажетті құжаттарды ұсынудан бас тартуға байланысты туындаған.

Физикалық күш қолданылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ешкім ешкімді ұрған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен мұндай қауесет таратпауды сұраймын.

Қазіргі уақытта жағдай толықтай реттелді, тараптар өзара түсіністікке келді, жанжал түбегейлі шешілді», – деді ол.

Бұған дейін бірқатар ақпарат көздерінде Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің соққыға жығылғаны туралы мәлімет тараған болатын. Алдын ала деректерде оған өз орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов қол көтерді деген ақпарат айтылды.

Аталған оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жанжал болғанын растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

Қазіргі таңда оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Реклама
Реклама