Cамбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов Сәпиевті ұрған
Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Белгілі болған дерек бойынша басқарма басшысын өзінің орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов ұрғаны айтылды.
Аталған жағдайды Қарағанды облыстық Полиция департаменті растады. Құрылымның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне 2024 жылдың 27-ші қарашасында тағайындалған болатын. Лондон Олимпиадасында чемпион атанған боксшы кәсіби мансабын аяқтаған соң «Астана арландары» бокс клубының директоры, Мәжіліс депутаты, Спорт комитетінің төрағасы, ҰОК вице-президенті лауазымын атқарған.