«Көп қыдырды, жаттығу жайына қалды»: бас бапкер Ризабек Айтмұханның жеңілісі туралы

Редактор
08.02.2024, 12:33

Жолдама беретін іріктеу жарыстарына кімдер барады?

olympic.kz

Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов ел чемпионаты аяқталғаннан кейін «Егемен Қазақстан» басылымына сұхбат беріп, балуандар туралы пікірін айтты. Соның ішінде, 97 келіде финалдық белдесуге ерекше тоқталды.

Аталған белдесу әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан мен Қазақстан чемпионы Әлішер Ерғали арасында өткен болатын. Тартысты бәсекеде Әлішер жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды.

«Әлішер Ерғали 97 кг салмақта әдбен төселіп ысылған балуан. Ризабек былтыр тұңғыш әлем чемпионы атанған соң сый-құрметке кенелді, көп қыдырды. Мұның барлығы да жаттығуға кесірін тигізеді. Әлішер оқу-жаттығу жиынын Дағыстанда өткізіп, чемпионатқа әзірлік жүргізді. Міне, төккен тердің өтеуіне Қазақстан чемпионатының алтын медалі бұйырды», - деді М.Құрамысов.

Сондай-ақ, құрама жетекшісі алда Бішкекте өтетін аймақтық іріктеу турниріне кімдердің баратынын атады.

«Қазақстан чемпионатында жүлде алған балуандар Олимпиада лицензиясы үшін өтетін турнирге қатысады. Қырғызстанда өтетін аймақтық іріктеуге чемпион атанған балуандардың баруы заңдылық. Одан кейін Ыстанбұлдағы әлемдік іріктеу додасына Бішкекте жолдама бұйырмаған салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысады. Үштікке енген балуанның қай-қайсы да бабына еніп додаға түсуге сай болса, қатысады. Бішкекте жолдама ала алмаған балуанды Ыстанбұлға да сүйрей берген орынды ма? Өзге спортшылардың да әлеуетін бағамдау керек», - деді бас бапкер.

Сонымен қатар, ол алда Париж олимпиадасына құрама балуандары  түгел қатысып, елге жүлделі оралсақ деген ойда екенін атады. Бұл ретте Азамат Дәулетбековтен үміт зор екенін алға тартты.

«Бахрейн ұлттық құрамасы бірлескен жаттығу жиынын өткізсек деген ықылас танытты. Қырғызстан балуандары да бізбен бірге дайындық өткеруге ниетті болып отыр. Балуандар аз күн тыныққан соң жаттығуды бастаймыз. Ресейге аттанып, сол елдің саңлақтарымен бірлескен жаттығу өткізсек дейміз. Олимпиаданың медалін олжалайды деп әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, Азияның екі мәрте чемпионы Азамат Дәулетбековке (86 кг) зор сенім артып отырмыз. Қалған балуандар жолдама алса, олардың арасынан жарқырап шығатын таланттар барына шүбә келтірмеймін. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн қашанда, сондықтан күні бұрын тон пішкендей болмайын. Жетістік тек еңбекке ғана бұйырады, сондықтан барымызды салуымыз керек», - Мадияр Құрамысов.