Ол өзін жаңа лигада сынап көрмек.
Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары енді бразилиялық джиу-джитсу ережесі бойынша өзара күш сынасады.
Өзбекстанда құрылған жаңа Mangu ММА лигасы алғашқы турнирін 7 ақпанда Ташкент қаласындағы «Хумо Аренада» өткізеді. Дебюттік жарыстың басты жаңалығы - қазақстандық файтер Азат Мақсұмның лигаға қосылуы.
Бұрын UFC-де өнер көрсетіп, қазір еркін агент атанған Азат бұл турнирде ММА-де емес, джиу-джитсу бойынша бақ сынайды.
Ал оның қарсыласы - өзбекстандық Рамазан Темиров. Ол UFC-де екі жекпе-жегін де жеңіспен аяқтаған және шілде айында Асу Алмабаевпен кездесуі тиіс болған. Алайда допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты Темиров бір жылға шеттетілді.
Қазір оның командасы дисквалификация мерзімін қысқартуға күш салып жатыр. Олар тыйым салынған заттың ағзаға дәрі-дәрмек арқылы түскенін алға тартуда. Егер шешім өзгермесе, Темиров октагонға тек қазан айында орала алады.
Қалай болғанда да, 7 ақпанда Ташкентте өтетін турнир жанкүйерлерге Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының арасындағы тағы бір тартыстың куәсі болуға мүмкіндік береді.