Канадалық жүзуші АҚШ құрамасына ауысты
Париж Олимпиадасында баттерфляй әдісімен 100 және 200 метрге жүзуден екі дүркін қола жүлдегері Илья Харун АҚШ ұлттық құрамасына ауысқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram желісінде мәлімдеді.
Канада атынан сынға түскен 20 жастағы Харун Монреаль қаласында дүниеге келген. Алайда ол Лас-Вегаста өсіп, спорттық жолының басым бөлігін АҚШ клубтары сапында өткізіп келеді.
Жүзгіш Канада құрамасына алғысын айтқанымен өзін әрдайым америкалық ретінде сезінгенін атап өтті.
«Мен өмір бойы АҚШ-та тұрдым және өзімді әрдайым америкалық деп сезіндім», – деп жазды Харун.
2022 жылы Харунның басы дау-дамайға іліккен болатын. Ол АҚШ азаматтығының жоқтығына байланысты АҚШ құрамасымен бірге жастар арасындағы Тынық мұхиты чемпионатына қатыстырылмады. Ол уақытта Харун АҚШ-тың жастар арасындағы суда жүзуден ашық чемпионатының жеңімпазы әрі 100 метр баттерфляйда жасөспірімдер арасындағы ұлттық рекорд иесі атанған еді.
2024 жылдың сәуір айында Илья Харун АҚШ азаматтығын ресми түрде алғанымен ол Париж Олимпиадасында Канада атынан сынға түсті. Қос қола медаль жеңіп алған жүзу шебері қысқа бассейндегі әлем чемпионы атанған.