Серік Сәпиевке отандық спорт жұлдыздары жаппай қолдау білдірді

Редактор
Бүгін, 11:04

Сәбина Алтынбекова да Сәпиевтің талапқа сай басшы екенін жеткізді

әлеуметтік желі

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасында жанжал туындап, жұртқа жария болғаннан кейін отандық спорт жұлдыздары әріптесінің әрекетіне баға берді.

Олардың қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Қарағандыдағы жағдайдан кейін Олимпиада чемпионының желідегі жазбасына пікір жазып, Сәпиевті қолдауға шақырды.

«Қарағанды облысының спортшылары қашанда елімізді алға жетелейтін спортшыларды шығарып келеді. Бір басшы, қалғаны қосшы болуы керек. Ала ауыздық артқа тартар. Серік бауырымыз Қазақ елінің нағыз патриоты», - деп жазды Ермахан Ыбырайымов.

Ал белгілі волейболшы Сәбина Алтынбекова да Сәпиевтің талапқа сай басшы екенін жеткізді.

«Браво, бұл ережені әрқашан есте ұстаймыз, қанша жерден арандатса да», - деп жазды волейболшы.

Бұдан бөлек, Олимпиада чемпиондары Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, кәсіпқой боксшы Мадияр Ашкеев, футболшы Ұлан Қонысбаев, боксшылар Бақытжан Қожабеков, Азия ойындарының чемпионы, боксшы Ілияс Сүлейменов, Олимпиада ойындарының қатысушысы Қанат Әбутәліпов, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов, дзюдошы, Азия ойындарының жүлдегері Келбет Нұрғазина сынды отандық спорт жұлдыздары Сәпиевтің әрекетін дұрыс деп бағалап, онымен бірге екендіктерін жеткізді.

Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне 2024 жылдың 27-ші қарашасында тағайындалған болатын. Лондон Олимпиадасында чемпион атанған боксшы кәсіби мансабын аяқтаған соң «Астана арландары» бокс клубының директоры, Мәжіліс депутаты, Спорт комитетінің төрағасы, ҰОК вице-президенті лауазымын атқарған.

Реклама
Реклама