CAS америкалық гимнаст қыздың Париж Олимпиадасындағы медаліне қатысты істі қайта қарайды

Редактор
30.01.2026, 09:27

Ол жүлдесін қайтарып алуы мүмкін. 

Джордан Чайлздың жеке парақшасынан

Спорттық арбитраж соты (CAS) Париж-2024 Олимпиадасында еркін жаттығуларда қола медальдан айырылған америкалық гимнаст Джордан Чайлздың ісі бойынша жаңа дәлелдерді қайта қарайтын болды.

Associated Press-тің жазуынша, CAS шешімін Швейцарияның федералдық соты арбитражға жаңа материалдарды қарауды тапсырған. Алғашында румыниялық Ана Бэрбосу еркін жаттығуларда 13,700 ұпаймен үшінші нәтиже көрсеткен. Алайда америкалық тараптың қарсылығынан кейін Джордан Чайлздың бағасына 0,1 ұпай қосылып, оның нәтижесі 13,766 болып, ол қола медаль иеленген еді.

Кейін румын тарапы бұл шешімді CAS-тың көшпелі алқасына шағымдап, сот америкалықтардың бағаны қайта қарау туралы өтініші белгіленген мерзімнен 4 секундқа кеш берілген деп таныды. Соның салдарынан Чайлздың бастапқы бағасы қайтарылып, ол төртінші орынға түсіп қалды, ал қола медаль Бэрбосуға берілді.

Енді Швейцария федералдық соты CAS-қа видеожазбаны мұқият қарауды тапсырды. Бұл бейнематериал америкалық тараптың қарсылықты уақытында тапсырғанын дәлелдеуі мүмкін. Сот шешімнің Чайлздың пайдасына қайта қаралу ықтималдығы бар деп есептейді.

Париж Олимпиадасында еркін жаттығулар бойынша алтын медальді бразилиялық Ребека Андраде жеңіп алса, күміс жүлде америкалық Симона Байлзға бұйырды.

Реклама
Реклама