Павлодарда спорт мектептерінен 10 млн теңгеге жуық қаржы ұрланған

Редактор
30.01.2026, 14:16

6 млн теңгені өзіне аударған бухгалтер анықталды

Pixabay.com

Павлодар облысында прокурорлар спорт ұйымдарына жүргізген тексеру нәтижесінде 10 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты ұрланғанын анықтады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

Прокуратураның хабарлауынша, тексеру аясында стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждері қамтылған. Нәтижесінде бірқатар спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені белгілі болды.

Сонымен қатар кейбір нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып келгенімен, жалдау ақысы төленбеген. Мәселен, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, коммуналдық шығындар бюджет есебінен өтелген.

6 млн теңгені өзіне аударған бухгалтер анықталды

Прокуратура мәліметінше, спорт мектептерінің қызметінде ұрлық пен жалған төлемдер деректері тіркелген.

«Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда», – делінген ресми хабарламада.

Жалған диплом, сотталған тұлғалар және «болмаған қонақүй»

Тексеру барысында спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың жұмыс істегені, сондай-ақ денсаулық пен имандылыққа қарсы қылмыстар үшін бұрын сотталған тұлғалардың қызмет атқарғаны анықталған.

Бұдан бөлек, спортшыларды болмаған қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған келісімшарттар жасалып, мемлекетке 2,8 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.

Прокуратура дерегінше, өңірдегі спорт нысандарының басым бөлігі тозған. Атап айтқанда, кей стадиондарда трибуналар қираған, шатырлардан су ағады, мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалмаған. Сонымен қатар санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары да толық сақталмайды.

Реклама
Реклама