Ресейдің шаңғы жарысы федерациясы түсініктеме берді
Ресейдің үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Большунов Италияда өтетін Moonlight Classic жарысына Қазақстан туымен тіркелгені белгілі болды. Бұл туралы ресейлік «РБК Спорт» басылымы жазып отыр.
Аталған жағдайдан кейін Ресейдің шаңғы жарысы федерациясы түсініктеме берді. Федерацияның президиум мүшесі Сергей Кряниннің айтуынша, спортшының Қазақстан туымен көрсетілуі жарыс ұйымдастырушыларының бастамасы болуы мүмкін. Оның сөзінше, бұл өтінімге өзі қатыспаған және нақты жағдайды Большуновтың өзі түсіндіріп бере алмақ.
Айта кететін жайт, Moonlight Classic түнгі жарысының 30 шақырымдық қашықтығына арналған старттық тізімде Александр Большунов Қазақстанның туымен белгіленген. Жарыс бүгін басталады.
2025 жылы Большунов бұл жарыста жеңіске жеткен. Бұған дейін Александр Большуновтың Олимпиада-2026 ойындарына бейтарап мәртебе алу жөніндегі Спорттық арбитраж сотына (CAS) жасаған апелляциясы қанағаттандырылмаған болатын.