Азиада-2029 Қазақстанда өтеді

Редактор
03.02.2026, 08:56

Бұған дейін Азиада елімізде 2011 жылы өткен.

Видеодан алынған кадр

2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын Қазақстан қабылдайды. Бұл туралы Азия олимпиадалық кеңесіне сілтеме жасай отырып Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабарлады. Ресми келісімшартқа 5 ақпанда Миланда қол қойылады деп жоспарланған.

Бастапқыда Қысқы Азиаданы Сауд Арабиясында салынып жатқан Неом қаласы қабылдауы тиіс болған. Бұл жоба болашақтың «ақылды қаласы» ретінде таныстырылып отыр: ұзындығы 170 шақырымға созылатын, көліксіз, шөл ортасында бой көтеретін мегаполисте 10 миллион адам тұрады деп жоспарланған. Ал құрылысқа жұмсалатын қаржы көлемі 500 миллиард доллардан асады.

Неом – футуристік жоба. 2034 жылы футболдан әлем чемпионатына орай қалада 46 мың орындық стадион салу көзделген. Ерекшелігі – ойын алаңы жерден 350 метр биіктікте орналасады.

Алайда құрылыс жұмыстары жоспардан қалып қойды. Тиісінше өткен аптада Сауд Арабиясы үкіметі құрылыстың кешігуіне байланысты Қысқы Азиаданың Неомда өтпейтінін ресми түрде мәлімдеді.

Осылайша, Азия ойындарын өткізу құқығы Қазақстанға берілді.

Айта кетейік, 2011 жылғы қысқы Азиада Алматы мен Астанада қатар өткен.

Бұған дейін қысқы Азиададаны қабылдаған қалалар:

•1986 - Саппоро

•1990 - Саппоро

•1996 - Харбин

•1999 - Канвондо

•2003 - Аомори

•2007 - Чанчунь

• 2011 - Астана мен Алматы

• 2017 - Саппоро және Обихиро

• 2025 - Харбин

Алматы қаласындағы қысқы спорт түрлеріне арналған инфрақұрылым Азиада-2011 мен Универсиада-2017 қарсаңында толық жаңартылған. Сонымен қатар қала 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болғанымен, дауыс беру қорытындысында Бейжіңге жол берген еді.

Реклама
Реклама