Спортшы 2026 жылдың 8 наурызында ауыр дертпен ұзақ күрестен кейін дүниеден озды
Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері, Сурдлимпиада чемпионы Фархад Құмырбекұлы Қыстаубаев 32 жасында өмірден өтті.
Спортшы 2026 жылдың 8 наурызында ауыр дертпен ұзақ күрестен кейін дүниеден озды. Бұл хабар қазақстандық спорт қауымдастығы мен жеңіл атлетика әлемі үшін орны толмас қайғы болды.
Фархад Құмырбекұлы – Сурдлимпиада ойындарының көпсайыс (онcайыс) түрінен жеңімпазы, сондай-ақ 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қола жүлдегері. Ол халықаралық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан намысын абыроймен қорғады.
2022 жылы Сурдлимпиада ойындарының он екінші күнінде өткен онсайыс қорытындысы бойынша Фархад Қыстаубаев 5400 ұпай жинап, алтын медаль иеленген еді. Айта кетерлігі, спортшы онсайыстың көптеген дисциплиналарында көш бастап, жоғары нәтиже көрсеткен.
2017 жылдан бастап ол туған жері Петропавлдағы спорт мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарды. Оның тәрбиелеген шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, талай мәрте жүлдегер атанды.
Фархад Құмырбекұлы тек мықты спортшы ғана емес, жан дүниесі нәзік, айналасына мейірім шаша білетін адам еді. Жақындары мен әріптестері оның әрдайым күлімсіреп жүретін, адамдарды жігерлендіре білетін жарқын мінезін ерекше еске алады.
Спорттан бөлек, Фархад сурет салуды да жақсы көрген. Оның туындылары ішкі жан дүниесінің көрінісі болып, шынайы әрі шабытқа толы шығармалар ретінде достары мен таныстарының жүрегінен орын тапты.
Фархад Құмырбекұлының спортқа деген адалдығы, қажырлы еңбегі және шәкірттеріне деген қамқорлығы әріптестері мен тәрбиеленушілерінің жадында мәңгі сақталады. Ол қазақстандық спорт тарихында өшпес із қалдырды.