Отандасымыз Эстония өкілінен жеңілді
Аустрияның Линц қаласындағы аяқталған Гран-при турнирінің соңғы жарыс күнінде жүлде үшін белдескен қазақстандық Ақерке Рамазанова есе жіберді.
+78 келіде Ақерке Рамазанова қола жүлде үшін Эстония өкілі Эмма-Мелис Актаспен кездескен еді. Алайда белдесудің екінші минуты басталған сәтте отандасымыз иппон ұпайымен жүлдені уысынан шығарып алды. Осылайша ол турнирді бесінші орынмен аяқтады.
Бүгінгі сында -100 келіде Марат Байкамуров ширек финалда украин балуанынан жеңілген болатын. Жұбаныш белдесуінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Жорге Фонсекаға жол беріп, турнирді 7-ші орынмен аяқтады.
Линц Гран-приінде 8 наурыз күні қазақстандық екі балуан ширек финалға дейін жеткен еді.
Бұдан бөлек, 90 келіде Айдар Арапов, -100 келіде Париж Гранд Слэмінің қола жүлдегері Шархан Нұрлыхан, +100 келіде Жантілек Нұртілекұлы іріктеу кезеңдерінде мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Қазақстан балуандары Аустрияда жыл сайын өтетін бәсекеде 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Оның ішінде Алмат Әділет (81 кг) чемпион атанса, Шерзод Давлатов (60 кг) қола жүлдеге ие болды.