Жарыс Аустрияда өткен.
Аустрияның Линц қаласында дзюдодан 2026 жылғы алғашқы әлемдік Гран-при кезеңі өтті.
Беделді турнирде қазақстандық дзюдошы Әділет Алмат жарқын өнер көрсетіп, жарыстың басты қаһармандарының біріне айналды.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 21 жастағы Ақтөбе облысының өкілі турнир барысында алты жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, алғаш рет Grand Prix жарысының чемпионы атанды. Ал финалдық белдесуде ол әзербайжандық Вузал Галандарзадені жеңді.
Осы аламаннан соң Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік рейтингті жаңартты. Соған сәйкес, Әділет Алмат бірден 59 сатыға жоғарылап, қазір 44-орынға көтерілді.
Айта кетейік, қазақстандық дзюдошы бұған дейін де халықаралық ареналарда табысты өнер көрсеткен. Ол Berlin Junior European Cup 2024 турнирінің чемпионы және La Nucia European Open 2025 жарысының жеңімпазы атанған.
Сондай-ақ ол 2023 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алған. Алайда ол кезде қазақстандық спортшы 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен еді.