Оның айтуынша, бұл табыс алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға үлкен мотивация береді
Бүгін, 17 наурызда Астана халықаралық әуежайында қысқы Паралимпиада чемпионы, пара биатлоннан алтын және пара шаңғы жарысынан қола медаль иегері Ербол Хамитовты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Италияның Тесеро қаласында өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындарында отандасымыз ел қоржынына екі бірдей медаль салып, Қазақстан тарихында қысқы Паралимпиада бағдарламасының екі санатында бірдей жүлде алған алғашқы спортшы атанды.
Әуежайда спортшыны туған-туыстары, жанкүйерлері және спорт қоғамдастығының өкілдері күтіп алды. Ербол Хамитовты және ұлттық құраманың спортшыларын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілі Бахыт Сапаров құттықтады.
Министр Ербол Мырзабосынов бұл жетістік ел спорты үшін тарихи нәтиже екенін атап өтті.
«Бүгін еліміз үшін қуанышты күн. Тарихымызда алғаш рет Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, оған қоса бір Паралимпиадада екі бірдей медаль еншіледік. Бұл нәтиже — ерен еңбек пен тыңғылықты дайындықтың, мықты рухтың көрінісі. Спортшылардың әрқайсысы ел намысын абыроймен қорғады. Біз сіздермен мақтанамыз», — деді министр.
Сондай-ақ, ол бұл жеңісте спортшының жаттықтырушылары мен мамандар құрамының да еңбегі зор екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара барысында демеуші құрылыс компаниясы Ербол Хамитовқа Астанадан екі бөлмелі пәтер сертификатын табыстады.
Өз кезегінде Ербол Хамитов жанкүйерлеріне алғыс айтып, арман мен мақсатқа адал болудың маңызын жеткізді. Оның айтуынша, бұл табыс алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға үлкен мотивация береді.
Айта кетейік, Милан-Кортина қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында Италияда өтті. Дүбірлі додаға 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтады.