Ол 66 келіде бақ сынап жатыр.
Грузия астанасында дзюдодан бүгін басталған Гранд Слэм турнирінде Нұрқанат Серікбаев финалға жолдама алды.
66 келіде белдескен отандық татами шебері жартылай финалда испаниялық Гарсия Торномен белдескен еді. Алайда шешуші сында испан балуаны отандасымызға қарсы қарсы қауқар таныта алмай, вазари және юко ұпайымен есе жіберді.
Тараздық балуан осымен екінші Тбилиси Гранд Слэмінің финалына шығып отыр. Ол 2024 жылы 60 келі салмақ дәрежесінде аталған сынның чемпионы атанған болатын. Енді финалда Серікбаев әзірбайжандық Тұран Байрамовпен белдеседі.
60 келіде күрескен ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Талғат Орынбасар жартылай финалда Израиль балуанынан жол берді. Белгілі балуан қола жүлде үшін Украина спортшысы Артем Лесукпен күреседі. Сонымен бірге, аталған салмақта күрескен Мағжан Шамшадин жұбаныш белдесуінде жеңіліп, турнирді 7-орынмен аяқтады.
20-22 наурыз күндері аралығында жалғасатын айтулы турнирге Қазақстан құрамасы сапында 12 балуан аттанған. Бүгінгі сында қазақстандық 4 дзюдошы татамиде сынға түсті.