Жарнама
Жарнама

Қазақ баласы фристайл-акробатикадан әлем чемпионы атанды

Редактор
20.03.2026, 17:45

Күміс жүлде қазақстандық тағы бір спортшы Дінмұхаммед Райымқұловқа бұйырды

ҰОК

Қазақстандық фристайл-акробат Асылхан Асан Швейцарияның Айроло қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.

Фристайл-акробатикадан ел намысын қорғаған жас спортшы жекелей сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, финалда 103.35 ұпай жинады. Осы нәтижемен Асылхан Асан жарыстың жеңімпазы атанды.

Күміс жүлде қазақстандық тағы бір спортшы Дінмұхаммед Райымқұловқа бұйырды. Ол финалда 92.82 ұпай жинады. Ал үшінші орынды Беларусь өкілі Владислав Вазнюк (92.00 ұпай) иеленді.

Айта кетейік, Асылхан Асан – Қазақстан құрамасының ең жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларының бірі. Ол 2009 жылғы 25 шілдеде дүниеге келген. Бұған дейін де халықаралық жарыстарда топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салып жүрген.

Сондай-ақ, Асылхан Асан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында аралас командалық сайыста жетінші орын алып, жеке сында 18-орынға тұрақтаған болатын.

Жас спортшының бұл жеңісі – Қазақстан фристайл мектебінің дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Реклама
Реклама