Екі спортшы үшінші рет кездесіп отыр
Ташкентте өткен кәсіби күрес лигасының PWL 11 турнирінде қырғызстандық Ақжол Махмудов жапониялық Олимпиада чемпионы Нао Кусаканы айқын басымдықпен жеңді.
Белдесу грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта өтіп, бірінші кезеңінде Кусака әуелі екі, кейін тағы төрт ұпай алып, есепте 6:1 есебімен алға шыққан болатын. Алайда бұдан кейін Махмудов бірнеше нәтижелі әдіс жасап, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Қорытынды есеп 19:6-ға жетті. Осылайша қырғыз балуаны 2024 жылы Азия чемпионатының финалында жіберген есесін қайтарып отыр.
Бұл - екі спортшы арасындағы үшінші кездесу. Қырғыздың танымал балуаны жапон өкілін екінші рет қапы қалдырды.
Айта кетейік, Нао Кусака грек-рим күресінен 77 келіде Париж Олимпиадасында топ жарған еді. Ол финалда Қазақстан балуаны Демеу Жадыраевты 5:1 есебімен жеңіп, өзінің теңдессіз балуан екенін дәлелдеген еді.
Ал Ақжол Махмудов аталған сында қола жүлдеге ие болған. Сонымен бірге, ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің екі мәрте жеңімпазы. Бұдан бөлек Азия Ойындарының чемпионы (2022), Азия біріншілігінде үш рет топ жарған.