Ол қазір әлемдік рейтингте 11-орында тұр.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің азаматтығын ауыстыруына не себеп болғаны анықталды. Бұл туралы теннисшінің әкесі Станислав Бублик sports.ru сайтына берген сұхбатында айтып берді.
Оның сөзінше, Қазақстан тарапынан ұсыныс Александр төмен нәтиже көрсетіп кезінде-ақ түскен.
«Бір турнирде Михаил Кукушкин жұбайы Настямен бірге шаттлға үлгермей қалды. Сол кезде Настя Сашадан: «Ресейде саған қандай қолдау көрсетіліп жатыр?» деп сұрады. Саша «іс жүзінде ешқандай қолдау жоқ» деп жауап берді. Сонда ол: «Қаласаң, Қазақстанмен сөйлесіп көрейін» деді. Сөйлесті», – дейді Станислав Бублик.
Теннисшінің әкесі келісімшарт жасалған кездегі жағдайды да еске алды.
«Біз келісімшартқа қол қойған кезде Саша әлемдік рейтингте 400-орында тұрған еді. Ол кезде Ресей керек қылған жоқ», – деді ол.
Ал дәл қазір Александр Бублик ATP рейтингінде 11-сатыда тұр.