Жарнама
Жарнама

Halyk қоры қолдаған ауыл спортшылары Түркияда чемпион атанды

Редактор
03.04.2026, 09:05

Сонымен қатар, жеке спортшылар жарыстың үздігі атанған

Halyk қоры баспасөз қызметі

Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының «Ауыл спорт – 2025» жеңімпаздары 25-29 наурызда Анталияда өткен волейболдан халықаралық турнирде Қазақстан намысын қорғап, екі алтын медаль жеңіп алды.

Аталған додаға Жетісу облысының қыздар командасы мен Алматы облысының ұлдар командасы қатысқан болатын.

Halyk қоры жарыс алдындағы дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастырды: қыздар – Алматыда, ұлдар – Бақанаста жаттығудан өтті.

«Балалар біз ойлағаннан да жақсы ойнады. Halyk қайырымдылық қоры біздің барлық шығынды - оқу-жаттығу жиыны, жатын орын, тамақты төледі. Ауыл балаларына бұл - үлкен мүмкіндік. Біздің балаларға мұндай тәжірибе сыйлағаны үшін қорға алғыс айтамыз!» - дейді бапкер Ғалым Ғайнол.

Қазақстандық командалар қарсыластарын сенімді жеңіп, финалға шықты. Қыздар финалда Түркияның «GAZI» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетсе, ұлдар құрамасы да өз қарсыластарын 2:1 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Жеке шеберлігімен ерекшеленген ойыншылар да назардан тыс қалмады. Қыздар құрамасының шабуылшысы Құралай Бәкен турнирдің үздік ойыншысы атанса, ұлдар командасынан Адмир Махамеджанов дәл осындай мәртебеге ие болды.

Бұл дода Түркияда жыл сайын өтетін халықаралық жастар турнирі. Оған Түркияның жетекші клубтарымен қатар, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің командалары қатысады. Қазақстан құрамалары бұл турнирде сәтті дебют жасап, бірден чемпион атанып, өз әлеуетін айқын көрсетті.

Реклама
Реклама