Ол 76 келіде үздіктер қатарынан көрінді.
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстадық Гүлмарал Еркебаева үшінші орынға тұрақтады.
Отандық бозкілем шебері жауапты белдесуде оңтүстіккореялық балуанды 5:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы құрлық бәсекесінің жүлдегерлері қатарына қосылды.
Бұл 76 келіде күресетін балуанның Азия чемпионаттарында иелеген бесінші қола жүлдесі болып отыр. Бұған дейін ол 2015, 2016, 2017 және 2022 жылы жүлдегерлер қатарына қосылған еді.
Бүгін әйелдер құрамасынан қола жүлде үшін күрескен Марал Тәңірбергенова (50 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) қарсыластарына есе жіберіп, бесінші орынға тұрақтады.
Сонымен бірге, турнирдің төртінші жарыс күнінде жарысқа қосылған әйелдер құрамасының бес балуанының арасында Тыныс Дубек (62 кг) қана қола жүлде үшін сынға түседі.
Өкінішке қарай, Зейнеп Баянова (53 кг), Нюлифар Раимова (57 кг), Айжан Суйдуова (65 кг) мен Жәмила Бақбергенова (72 кг) іріктеу кезеңдерінде сүрініп, жүлдеден тыс қалды.