Жарнама
Жарнама

Мейірім Жұманазарова: Бұл алтын үшін бір жыл еңбек еттік

09.04.2026, 22:27

Ол карьерасына қатысты да болжамын айтты.

Жанкелді Қаржан

Әйелдер күресінен Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, қырғызстандық Мейірім Жұманазарова Бішкекте Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанды. 

Ол Париж Олимпиадасынан кейін алғаш рет халықаралық додада топ жарып отыр.

Көршілес елдің танымал балуаны 1bol.kz тілшісімен әңгіме барысында өз жерінде өтіп жатқан құрлық біріншілігінде чемпион атанғанына қуанышты екенін жеткізді.

- Былтыр әлем чемпионатында жүлдесіз қалып, жыл басында Албанияда өткен рейтингтік бәсекеде күміс жүлде алғаныңыз белгілі. Азияның алтыны үшін қанша уақыт тер төктіңіз?

- Бірінші кезекте жанкүйерлерім мен бапкерлеріме шын жүректен алғысымды айтамын. Бұл — менің Азия чемпионатынан алған екінші алтыным. Бұл жеңісім үшін қуаныштымын. Осы жетістікке жету үшін біз бір жыл бойы еңбек еттік.

- Финалда жапон балуаны белдесу бойы тегеурінді қарсылық көрсетіп, кейбір сәттерде қауіп тудырып жатты. Қарсыласыңызбен бұрын бозкілемде жолдарыңыз түйісті ме?

- Жапония өкілі Мива Морикавамен 2016 жылы Швецияда өткен жарыста күрескенбіз. Ол жолы мен жеңілген жоқпын. Араға 10 жыл салып, құрлық додасында жолымыз тағы тоғысты. Бұл жолы да басымдыққа ие болдым. Чемпионаттың алдында аздап сырқаттанып қалған едім. Қазір шамамен 60-70 пайыз деңгейде бабымдамын.

- Спорттық мансабыңызды қашан аяқтауды көздейсіз? Осы олимпиадалық циклдің соңына дейін күресесіз бе?

- Бұйыртса, сондай мақсатым бар. Көлденең жарақаттан аман болсақ, ары қарай күресті жалғастыра беремін деген ойдамын.

- Париж Олимпиадасынан кейін сіз ұзақ уақыт көрінбедіңіз...

- Олимпиададан кейін бір жыл бойы демалдым. Өз-өзіме келіп, денсаулығыма көңіл бөлдім.

- Бүгін турнирде Сезім Жұманазарова қола жүлде үшін күресте есе жіберді. Финал алдында туған сіңліңіздің жеңілісі сізге қалай әсер етті? Сезімге жеңіс үшін не жетпей қалды?

- Не жетпегенін қазір тап басып айта алмаймын. Бұл - бұйырмаған жүлде болған шығар деп ойлаймын. Бір туғаның жеңіліп жатса, адамға оңай тимейді. Мен оның жеңіске жеткенін қалаймын. Алда қателіктермен жұмыс істеп, жаттыға түседі. Құдай бұйыртса, жеңіске сол кезде жетеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Реклама
Реклама