Кайл Снайдер жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғайды
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан алдағы реванш алдында 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, америкалық Кайл Снайдермен көз арбасу рәсімін өткізді.
Қос балуанның жекпе-жегі АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін RAF 08 турнирі аясында ұйымдастырылады. Қазақстан уақыты бойынша кездесу 19 сәуір күні таңертең басталады. Жекпе-жек қарсаңында Айтмұхан мен Снайдер бетпе-бет кездесіп, камера алдында дәстүрлі дуэль рәсіміне қатысты.
«Кайл – еркін күрестегі аңыз тұлға. Ол 2015 жылы алғаш рет әлем чемпионы атанғанда, мен небәрі 14 жаста едім. Сол кезде-ақ болашақта онымен белдесуді армандадым. Міне, ертең сол сәт туады. Кілемге шығып, бар күшімді саламын, қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Ин ша Аллах, жеңіске жетемін деп сенемін. Бірақ Кайлды ешқашан есептен шығаруға болмайды – ол өте мықты қарсылас», – деді Айтмұхан баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бұл кездесуде Кайл Снайдер жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғайды. Ал Ризабек Айтмұхан үшін бұл – бір жыл бұрын Алматыда өткен белдесудегі (8:0) жеңілістің есесін қайтаруға берілген үлкен мүмкіндік.