Турнирге жиырмаға жуық елден 800-ден астам спортшысы қатысқан
Қазақстан балуандары Түркияның Анталия қаласында өткен Victory Cup халықаралық турнирінде табысты өнер көрсетті. U17 және U20 жас санаттарындағы құрама балуандары 8 алтын, 9 күміс, 16 қола медальға қол жеткізді.
Аталған турнирге жиырмаға жуық елден 800-ден астам спортшысы қатысқан болатын. U17 санатындағы Қазақстан балуандары күрестің үш түрі бойынша да жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Оның ішінде грек-рим күресінен 3 алтын, 1 күміс және 8 қола медаль иеленді. Олардың қатарында Жаңажол Қуанышбек (51 кг), Асқар Нұрали (60 кг) және Төлеш Марлен (65 кг) өз салмақтарында топ жарды. Бұл ретте Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орыннан көрінсе, Әзербайжан екінші, ал Түркия үшінші орынға тұрақтады.
Еркін күрестен Бақдәулет Ағабек (48 кг), Темірлан Мұрат (55 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) алтын жүлдеге ие болды. Осылайша, отандастарымыз жалпы есепте 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бұл сында да бірінші орынға жайғасты.
Бұдан бөлек, әйелдер күресінде де балуандарымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мәселен, Інжу Баққожа (46 кг) мен Бағжан Құрманбай (73 кг) алтыннан алқа тағынса, сонымен бірге, команда қоржынына 5 күміс және 4 қола медаль түсып отыр. Осылайша, Қазақстан құрамасы бұл бағдарламада да жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Түркия екінші, ал Қырғызстан үшінші орынға тұрақтады.
U20 жас санатында грек-рим күресінен Әмірмұхаммед Қабулов (55 кг) алтын медаль жеңіп алды. Өз кезегінде Алпамыс Болатұлы (60 кг) мен Еркебұлан Анапия (82 кг) күміс жүлдеге ие болса, тағы бірнеше балуанымыз қола медаль еншілеп, U20 Қазақстан құрамасы бұл бағдарламада үшінші орынға тұрақтады.
Еркін күресте Асхаб Хаджиев (86 кг) чемпион атанса, Ерхан Әбіл (79 кг) мен Дінмұхаммед Қасымбек (86 кг) қола жүлде иеленді. Бұл сында Қазақстан құрамасы жалпы есепте бесінші орын алды.
Ал әйелдер санатында Анна Стратан (57 кг) мен Ұлдана Тілеухан (68 кг) алтын жүлде жеңіп алды. Бұдан бөлек, қазақстандық балуандар 5 қола медаль еншілеп, командалық есепте екінші орынға ие болды.