Пара-каратэші бір жыл бойы басшылыққа жалақысының бір бөлігін аударып отырған
Астанада пара-каратэші Жетес Нұрмағамбетов елордадағы карате федерациясының басшылығы ай сайын жалақысының бір бөлігін белгісіз шоттарға аударуды талап еткенін мәлімдеді. Бұл туралы Tengri Sport жазды.
Спортшының адвокатының айтуынша, мұндай талап оның қорғауындағы азаматқа ғана емес, өзге де спортшыларға қатысты қойылған. Алғашында оларға «ынтымақтастық шарты» ұсынылған: спортшылар жұмыспен қамту орталығы арқылы тіркеліп, мемлекет есебінен жалақы алуы тиіс болған. Федерация жаттығу залы мен жұмыс орнын ұсынғанымен, кейіннен жүйелі түрде ақша талап ету басталған.
«Ай сайын жалақыдан шамамен 50 мың теңгені әртүрлі нөмірлерге аударып отыру керек болған. Ал мұндай спортшылардың орташа айлығы 130–137 мың теңге шамасында. Тұрақты қысым мен әділетсіздікке шыдамаған менің қорғауымдағы азамат құқық қорғау органдарына жүгінді», — деді адвокат.
Сонымен қатар, қорғаушының сөзінше, Нұрмағамбетов ресми түрде спортшы ретінде емес, гардероб қызметкері ретінде тіркелген. Бұл жайт та күмән туғызады, өйткені спортшы - арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жан.
«Мүгедектігі бар адамды гардеробшы ретінде жұмысқа орналастыру қаншалықты қисынды екені түсініксіз», — деді ол.
Шамамен бір жыл бойы талаптарды орындап келген Жетес кейін мұндай төлемдерден бас тартқан. Осыдан соң оған жұмыстан шығару қаупі төнген. Нәтижесінде спортшы түрлі инстанцияларға шағым түсірген.
Адвокаттың мәліметінше, кейіннен мекеме басшысы алынған қаражатты қайтарып, спортшыларға қысым жасалмайтынын уәде еткен. Дегенмен, Нұрмағамбетов бұл істі соңына дейін жеткізуге ниетті.
Өз кезегінде Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында спортшы паракаратэ бөлімінен шығарылып, қазіргі уақытта бочча бағыты бойынша клубта тіркелген.
Министрлік өкілдері бюджеттен жалақы төлеу нақты штаттағы қызметке байланысты жүзеге асатынын атап өтті. Сонымен қатар, федерацияның қоғамдық ұйым екенін алға тартып, оның ішкі қызметіне араласу министрліктің құзыретіне кірмейтінін жеткізді.