Отандастарымыз қарсылас қақпасына 6 шайба соқты
Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобындағы екінші ойынында Жапонияны ірі есеппен жеңді. Польшада өтіп жатқан әлем чемпионатында отандастарымыз қарсылас қақпасына 6 шайба соқты.
Осылайша Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін біздің хоккейшілер Литваны 4:1 есебімен ұтқан болатын.
Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония құрамалары бұған дейін 12 рет кездесіп, барлық матчта қазақстандықтар жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасты.
Енді Қазақстан құрамасын шешуші ойындар күтіп тұр. 5 мамырда Польшаға қарсы мұз айдынына шықса, 7 мамырда Украинамен, ал 8 мамырда Франциямен кездеседі.
Еске салсақ, аталған топта алғашқы екі орын алған құрамалар келесі жылы элиталық дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.