Оның таңдауы – Jessie Rose есімді шетелдік азамат болды
Қазақстанның фристайл-акробатикадан ең танымал спортшыларының бірі, үш Олимпиада ойындарының қатысушысы Жанбота Алдабергенова тұрмысқа шықты.
Белгілі спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында неке куәлігімен түскен суретін жариялап, өміріндегі маңызды сәтпен бөлісті. Оның таңдауы – Jessie Rose есімді шетелдік азамат болды.
Алланың алдында серт беріп, қол ұстасып бірге жүруге уәде еткен күн, – деп жазды Жанбота.
Жанбота Алдабергенова Қазақстан тарихындағы ең табысты фристайлшылардың бірі саналады. Ол фристайлдың акробатика түрінен қатарынан үш Олимпиада ойындарына – Сочи-2014, Пхёнчхан-2018 және Бейжің-2022 жарыстарына қатысты. 2014 жылғы Олимпиадада алтыншы орын алып, өзінің мансабындағы ең үздік нәтижесін тіркеген еді.
Сондай-ақ, ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Еуропа кубогы кезеңдерінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
2025 жылдың наурыз айында спортшы кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын. Сол кезде Жанбота жанкүйерлеріне арнап әсерлі жазба жариялаған еді.
Кез келген бастаманың соңы болады. Менің спорттық жолымда жанымнан табылған командама, бапкерлеріме және маған қолдау көрсеткен барша жанға алғысым шексіз. Үш Олимпиадаға қатыстым. Өкінішке қарай, Олимпиада медалі бұйырмады. Бірақ болашақта Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін, — деген еді спортшы.