Беларусь елінде тұратын қазақ бапкерінің шәкірті Еуропаның күміс жүлдегері атанды

Редактор
19.02.2024, 09:58

Ал, Омбы қазағы аталған жарыста қола жүлде жеңіп алды

instagram.com/zhumataishubaev/

Күрес түрлерінен Бухаресте өткен Еуропа чемпионатында Беларусь елінде тұратын қазақ бапкерінің шәкірті күміс медаль иегері атанды.

Кеңес заманынан бері Гродно қаласында тұратын Жұматай Шубаев сол елдің ұлттық құрамасында бапкер болып еңбек етіп келеді. Оның шәкірті Магомедхабиб Кадимагомедов Румынияда өткен сында 79 келіде белдесіп, финала дейін жетті. Ол шешуші белдесуде ресейлік Ахмед Усмановқа жол берді.

Жұматай Шубаев Қазақстанда дүниеге келген. Бұрынғы Жезқазған облысының тумасы жасөспірім шағында Беларусь еліне оқуға аттанып, кейін Кеңес одағасы тараған соң сол елде қалған. Бүгінде бірнеше белгілі балуанды баптаған бапкер Беларусь Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы атанды. Оның шәкірттері еркін күрестен Рио және Токио олимпиадасында жүлдеге қол жеткізген.

Айта кететін жайт, Румынияда өткен Еуропа чемпионатына еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев Бухарест әуежайының кеден бекетінен құжат мәселесіне байланысты жіберілмеді. Осылайша ол кезекті жарысты босатуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ, Әзірбайжан атынан күресетін украин балуаны Мария Стадник 10 дүркін Еуропа чемпионы атанды. Еркін күрестен Олимпиада чемпионы түрік балуаны Таха Ақгүл де Еуропа чемпионатын оныншы рет ұтып, М.Стадниктік жетістігін қайталады. Бұдан бөлек, Омбы облысының тумасы Әділет Төлебаев грек-рим күресінен 77 келіде қола жүлдеге ие болды.