Спортшының командасына да тиісті еңбекақы төленбеген
Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін жалақысыз қалғанын мәлімдеді. Қазақстандық спортшының айтуынша, Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңістен соң өзі де, бапкерлер командасы да бес айдан бері еңбекақы алмай жүр.
21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы бұл туралы журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ашық айтты. Шайдоровтың сөзінше, Олимпиада алтынына дейінгі бірнеше жыл ішінде оған қажетті қолдау толық көрсетілмеген. Тек 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алғаннан кейін ғана мемлекет тарапынан аздап көмек беріле бастаған.
Спортшы әсіресе өзінің жалақысы мен дайындық шығындарының жария түрде таратылғанына наразы екенін жасырмады. Оның пікірінше, бұл әрекет өзінің және отбасының жылдар бойғы еңбегін “құнсыздандыру” әрекеті болған.
«Олимпиада циклі төрт жылға созылады. Бірақ жарияланған есепте тек 2025 жылғы шығындар ғана көрсетілді. Ал оған дейінгі жылдары бағдарламалар қоюға, костюм тіктіруге кететін шығындардың бәрін өзім төледім. Мұның бәрі бір жылда жасалмайды. Олимпиада чемпионын дайындау — бірнеше жылдық үздіксіз еңбек», — деді Шайдоров.
Олимпиада чемпионы сондай-ақ 1 ақпаннан бастап дәрігерлік бақылаудан да айырылғанын айтты. Қазір ол жаңа маусымға дайындық қалай жүретінін түсінбей отырғанын жеткізді. Себебі оқу-жаттығу жиындары мен жаңа бағдарламаларды әзірлеу жоспары бекітілгенімен, қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.
«Бес айдан бері жалақы алмаймыз. Тек мен ғана емес, бүкіл команама ақша төленбей отыр. Бұл өте түсініксіз жағдай. Мен тек дамып, елімнің туын көтергім келеді», — деді спортшы.
Айта кетейік, Олимпиададан кейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Шайдоровтың табысы мен оны дайындауға кеткен шығындарды жариялаған еді. Ведомство мұны “мемлекеттік қолдаудың тиімділігі” ретінде көрсеткісі келген. Алайда қоғамда бұл қадам тарихи алтын медальға “ортақтасу әрекеті” ретінде қабылданды. Ал спортшының өзі мұны жеке мәліметтердің жария етілуі және өзіне деген құрметсіздік деп бағалаған.
Шайдоров Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада алтынын мәнерлеп сырғанаудан жеңіп алған еді. Ерлер арасындағы жекелей сында ол екі бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинады. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған қазақстандық спортшы еркін бағдарламада бес төрттік секіруді мінсіз орындап, жеке рекордын тіркеді — 198,64 ұпай.
Осылайша, Шайдоров Қазақстанға қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медальді сыйлады. Бұған дейін ел қоржынына жалғыз алтынды 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов салған болатын.