Олимпиада чемпионымен жаңа келісімшарт жасау жоспарланған
ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдайға түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген талаптарына сәйкес төленеді. Ал Михаил Шайдоровтың 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы еңбекақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық көлемде берілген.
Дирекцияның хабарлауынша, 2026 жылдың наурыз айынан бастап Олимпиада чемпионымен жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Бұл шешім Миланда өткен қысқы Олимпия ойындарында спортшының алтын медаль жеңіп алуына байланысты қабылданған.
Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған талаптары қарастырылған. Қазіргі уақытта құжаттың шарттары тараптар арасында талқыланып жатқаны айтылды.
Сондай-ақ министрлік мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындалатын барлық спортшыларға ортақ екенін атап өтті. Ведомство мұны ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландыру жүйесіндегі қалыпты рәсім ретінде түсіндірді.
Бұдан бөлек, мемлекет Олимпиада чемпионын марапаттау бойынша өз міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Михаил Шайдоровқа Олимпиада алтыны үшін 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беру, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер табыстау және заңнамаға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Шайдоров бес айдан бері өзі мен бапкерлер командасына жалақы төленбегенін айтып, мәселе көтерген болатын.