Жарнама
Жарнама

Министрлік 2030 жылғы Олимпиада үшін жауап беруді сұрады – Шайдоров

Редактор
Бүгін, 15:06

Келісімшартта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген

әлеуметтік желі

Қазақстанның әлемдік деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоров соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған сұхбатынан кейін әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлеріне арнайы үндеу жасады.

Ең үлкен мәселе ретінде Михаил Шайдоров жалақының бес ай бойы төленбей отырғанын атады. Оның айтуынша, өзі сияқты жоғары деңгейдегі бірқатар спортшылар жалақыны Спортты қолдау қоры арқылы қаржыландырылатын федерация мен Спортты дамыту дирекциясы арқылы алады. Алайда қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен, спортшының өзі де, оның командасы да бірнеше айдан бері еңбекақысыз қалған.

Шайдоровтың сөзінше, 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау бойынша байланыс тек мамыр айының ортасында ғана орнатылған. Алайда құжаттағы кейбір талаптар заңдық тұрғыдан сұрақ туғызған.

Атап айтқанда, келісімшартта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген. Спортшы мен оның командасы бұл тармақты қайта қарауды сұрағанымен, осы уақытқа дейін нақты жауап алмағандарын мәлімдеді.

«Біз келісімшарттағы кейбір тармақтардың қисынсыз екенін ғана айттық. 2026 жылы отырып, төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадада медаль алуға кепілдік беру мүмкін емес. Бұл мәселеге заңгерлердің назар аударуын сұрадық», – деді ол. 

Сондай-ақ спортшы жаңа маусымға дайындыққа қатысты маңызды мәселелердің де ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалғанын айтты. Оның сөзінше, 5 маусымда басталатын оқу-жаттығу жиындары туралы алдын ала хабарланғанымен, бағдарламаларды қою, жиындарды ұйымдастыру және жол шығындарын төлеу мәселелері бойынша нақты жауап болмаған.

«Егер осы уақытқа дейін Олимпиададағы жетістігім үшін берілетін сыйақыны алған болсам, дайындықтың бәрін өз қаражатыммен ұйымдастырар едім. Бірақ әркім өз жұмысын атқаруы керек деп есептеймін. Менің міндетім – күніне үш рет жаттығуға шығып, ел намысын қорғауға дайындалу», – деді Шайдоров.

Реклама
Реклама