Мирас Махамбет финалда Өзбекстан өкілі Сардор Махмудовпен белдесті
Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті алтын медальға қол жеткізді.
Грек-рим күресінен 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Мирас Махамбет финалда Өзбекстан өкілі Сардор Махмудовпен белдесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық балуан әлем чемпионы атанды.
Мирас алтын медальға апарар жолда бірқатар мықты қарсыластарын артта қалдырды. Ширек финалда ол Қытай балуаны Юньчи Чуды жеңсе, жартылай финалда ирандық Хамид Әли Деханзадехтан басым түсті.
Айта кетейік, әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен жалпы төрт жүлде жеңіп алған болатын. 51 келіге дейінгі салмақта Қуанышбек Жанажол финалда Қырғызстан өкілі Арсен Шараповты 2:0 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды. Ал 110 келі салмақта өнер көрсеткен Арыстан Темірғали күміс медаль иеленді.
Осылайша Қазақстан құрамасы Данангтағы әлем біріншілігін табысты бастап, медальдар қорын толықтыруды жалғастыруда.