Теннисші бес дүркін Франция чемпионы атанған клубқа өтті
Қазақстан ұлттық құрамасының үстел теннисінен өкілі Алан Құрманғалиев Франция чемпионатының элиталық Pro A дивизионында өнер көрсететін «Хеннебон» клубымен келісімшартқа отырды. Бұл лига Еуропадағы ең күшті чемпионаттардың бірі саналады және әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тұрақты түрде жинайды. Бұл туралы ҰОК жазды.
Бретань өңіріндегі аттас қаланың намысын қорғайтын «Хеннебон» клубы Франциядағы ең атақты командалардың қатарына кіреді. Команда бес рет ел чемпионы атанып, екі мәрте ETTU Cup Еуропа кубогының жеңімпазы болған.
«Келіссөздер өте ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Барлығы бір аптадан сәл ғана артық уақыт алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ келісімге келдік».
«Хеннебонмен» жасалған келісімшарт бір жылға есептелген. Сондай-ақ спортшы жаңа команда сапындағы алғашқы ойыны қашан өтетінін айтты.
«Келісілген шарттарға сәйкес, келісімшарт дәл бір жылға жасалды. Алғашқы ойындар биылғы қыркүйек айының ортасында өтеді. Сол уақытта клубтық маусым толыққанды басталады. Сондықтан оған жақсы дайындықпен келу қажет», – деді Құрманғалиев.
Келісімшарттың басты ерекшеліктерінің бірі – француз клубындағы ойындарды халықаралық турнирлермен және Қазақстан құрамасындағы міндеттемелермен қатар алып жүруге мүмкіндік беруі. Спортшының айтуынша, келісімшарт Францияда тұрақты тұруды талап етпейді.
«Ең бастысы – барлық жарыстың күнтізбесін дұрыс құру. Сонда бұл жағынан әлдеқайда жеңіл болады. Келісімшарт бойынша Францияға тек матчтарға ғана барып тұрамын. Ал қалған уақытта халықаралық жарыстарға және ұлттық құрама сапындағы ойындарға көңіл бөле аламын», – деп түсіндірді спортшы.
Айта кетейік, «Хеннебон» клубының өз халықаралық жаттығу орталығы – Ping Center бар. Бұл база команда ойыншыларының дайындығына ғана емес, әртүрлі елдердің спортшыларының оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де пайдаланылады.
«Клубтың арнайы базасы бар. Онда тұрып, толыққанды жаттығуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан қажет болған жағдайда дайындықты сол жерде өткізуге болады».