Қарағандылық бапкерлер ҰОК президенттігіне Геннадий Головкин лайықты екенін айтты

Редактор
22.02.2024, 11:40
vRINGe.com

26 ақпанда еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетіне жаңа президент сайланады деп күтілуде. Бұған дейін бұл орынға даңқты боксшы Геннадий Головкин отырады деген сыбыс тараған болатын. Алайда, кейбір мамандар оның кандидатурасына қарсы шығып, орнына Дәулет Тұрлыхановты ұсынуда.

Қарағанды облысының бокс бапкерлері Головкин аталған лауазымды абыроймен атқаратынына сенімді. Tengri Sport тілшісі Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Нұрғазы Жарылғапов пен Ғалымбек Кенжебаевтың пікірін сұрап көрген.

Есте болса, бұған дейін спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы Головкиннің менеджерлік тәжірибесі жоқ екенін алға тартып, ол аталған лауазымға әлі дайын емес деген болатын. Нұрғазы Жарылғапов болса кері пікірде.

«Біріншіден, аса ірі бокс кештерін ұйымдастыру Геннадидің қатысуынсыз өтті деп айта алмайсың. Командадағы бүкіл маманның: бапкерден бастап менеджерлер, промоутер, тіпті тамақтану бойынша маманның жұмысы бір ғана адамға – Головкиннің өзіне тәуелді. Біздің елде дәл осындай ұйымдастырушылық тәжірибесі бар боксшы жоқ. Екіншіден, кез келген ұйымда, әсіресе Ұлттық Олимпиада комитеті секілді ұйымда шешімді бір адам қабылдамайды, ұжымдық талқылаудан соң қабылданады. Бұл халықаралық стандарт, Головкин оны басқа кез келген спортшыдан жақсы біледі», - еді Н.Жарылғапов.

Қазақстан ұлттық құрамасының экс-бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев болса Головкиннің қазақ спортына үлкен пайдасы тиетініне сенімді.

«Геннадий Головкинді бала кезінен білемін. Ол өте мықты адам, нағыз патриот. Бұл қызметке келсе ол қазақ спортына үлкен пайдасын тигізеді. Ол бүкіл әлемге танымал тұлға», - деді Ғ.Кенжебаев.

Айта кетейік, Ұлттық Олимпиада комитетін қазір Тимур Құлыбаев басқарып келеді. 26 ақпанда оның орнын өзге адам басады.