Бұл қызметтен Дәулет Тұрлыханов та дәмелі ме?
Бокстан Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Василий Жиров Ұлттық Олимпиада комитеті президенттігіне Геннадий Головкин лайықты деген пікірін айтты.
Айта кетейік, ҰОК басшылығында қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев отыр. Оның 26 ақпанда отставкаға кететіні туралы бұған дейін айтылып, орнына даңқты боксшы Геннадий Головкиннің сайланатыны туралы да сыбыс тараған. Василий Жиров болса GGG кандидатурасын қолдап отыр.
«Менің ойымша, бұл – Геннадий тарапынан жасалған дұрыс қадам. Головкин – чемпион, ал чемпиондар бастаған ісін әрайым соңына дейін жеткізеді. Гена Ұлттық Олимпиада комитетіне барса Қазақстан спортын жаңа деңгейге шығарады, сол үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Әсіресе, қазақ боксын көтереді. Мен оны қолдаймын және сәттілік тілеймін», - деді Василий Жиров Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін отандық спорт журналисі Несіп Жүнісбаев ҰОК басшылығына Головкиннің баруына қарсылық білдіріп, ол орынға Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов лайық дегенді айтқан болатын.