Жарнама
Жарнама

Бибісара Асаубаева Әлем кубогының жеңімпазына қарсы ойнайды

Редактор
Бүгін, 16:33

Асаубаеваның Women’s Speed Chess Championship 2026 турнирінің ширек финалындағы қарсыласы анықталды

FIDE

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның Women’s Speed Chess Championship 2026 беделді онлайн турнирінің ширек финалындағы қарсыласы анықталды.

Жартылай финал жолдамасы үшін қазақстандық гроссмейстер ФИДЕ Әлем кубогының қазіргі жеңімпазы, үндістандық Дивья Дешмукхпен сынға түседі.

Бибісара Асаубаева 1/8 финалда өзбекстандық Афруза Хамдамованы 10,5:3,5 есебімен сенімді жеңді. Ал Дешмукх америкалық Роуз Этвеллді 14:1 есебімен ойсырата ұтып, бірде-бір партияда жеңілген жоқ.

20 жастағы Дивья Дешмукх әлемдегі ең мықты жас шахматшылардың бірі саналады. Ол 2025 жылы ФИДЕ Әлем кубогында жеңіске жетіп, халықаралық гроссмейстер атанды және Үміткерлер турниріне жолдама алды. Сондай-ақ 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында командалық және жекелей сында екі алтын медаль иеленді.

Асаубаева мен Дешмукх бұған дейін де бірнеше мәрте кездескен. Сәуір айында өткен Үміткерлер турнирінің соңғы турында қос шахматшы тең түскен еді. Сол жарыстың қорытындысында Бибісара екінші орын алды.

Ал маусым айында қазақстандық шахматшы Norway Chess Women 2026 турнирінде үндістандық қарсыласын жеңіп, жарыс аяқталмай жатып чемпиондық атақты қамтамасыз етті.

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының жаңартылған әлемдік рейтингінде бесінші орынға көтерілген болатын.

Реклама
Реклама