Оқиға 2026 жылдың 27 қаңтарында болған
Қарағанды қаласының соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайы Саида Елеусіноваға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың 27 қаңтары күні кешке Саида Елеусінова атасына қатысты туындаған жанжалдың мән-жайын анықтау үшін жәбірленушілердің пәтеріне барған. Әңгіме барысында тұрмыстық жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқан.
Тергеу мәліметінше, Елеусінова әйелдердің бірінің басы мен денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Сондай-ақ жанжалға араласқан екінші әйелге де күш қолданған. Сот-медициналық сараптама екі жәбірленушінің де беті, қолы және білегінде жарақаттар бар екенін анықтаған.
Сот барысында Саида Елеусінова өз кінәсін мойындамай, өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін айтқан. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, кінәсі сараптама қорытындылары, куәгерлердің айғақтары және басқа да дәлелдермен толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Нәтижесінде сот Саида Елеусінованы ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша кінәлі деп танып, оған 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сонымен қатар сот үкіміне сәйкес, Елеусінова екі жәбірленушінің әрқайсысына 500 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуге, сондай-ақ 1 миллион теңге көлеміндегі адвокаттық шығынды өтеуге міндеттелді.