Жарнама
Жарнама

Шахматқа 75 млн доллар бөлген Тимур Турлов FIDE президенттігіне үміткер

Редактор
Бүгін, 20:30

38 жастағы кәсіпкер шахматқа 75 млн доллар инвестиция салған

Әлеуметтік желі

Қазақстандық кәсіпкер әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президенті қызметіне ресми түрде кандидатурасын ұсынды.

Бастапқыда 38 жастағы кәсіпкер алдағы сайлауға қазіргі FIDE президенті Аркадий Дворковичтің командасында президенттің орынбасары қызметіне үміткер ретінде қатыспақ болған. Алайда Дворковичтің Еуроодақ санкцияларына ілігіп, ұйым басшысы ретіндегі өкілеттігін уақытша тоқтатуы бұл жоспарға өзгеріс енгізді. Ол FIDE мүддесіне нұқсан келтірмеу үшін жаңа сайлауға қатысудан бас тартты.

Осыдан кейін Тимур Турлов ұйым президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдады.

«Соңғы жылдары шахмат қарқынды дамып, әлем бойынша миллиондаған жаңа ойыншыны, әсіресе жастарды өзіне тартты. Цифрлық технологиялардың арқасында бұл спорт бұрынғыдан да қолжетімді болды. Енді FIDE жаңа даму кезеңіне өтуі керек. Сол себепті ұйым президенті қызметіне үміткер болуға шешім қабылдадым», – деді Турлов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметтегі 15 жыл ішінде шахматты дамытуға 75 миллион доллардан астам инвестиция салған. Сондай-ақ ол FIDE-ні ашық, заманауи әрі барлық елді біріктіретін жаһандық ұйым ретінде көретінін жеткізді.

Турлов алдағы сайлауға әлемнің 15-ші чемпионы, FIDE президентінің қазіргі орынбасары Вишванатан Анандпен бір командада қатысатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, FIDE президенті лауазымына Тимур Турловтан бөлек Германия өкілдері Вадим Розенштайн мен Ян-Хенрик Бюттнер, сондай-ақ ресейлік Кирсан Илюмжинов та үміткер болып отыр.

Реклама
Реклама