Алғашқы Road to BIG OLIMP турнирі 10–16 тамыз аралығында онлайн форматта өтеді
BigPlay және Olimp Games компаниялары ойын әзірлеушісі Moonton-ның қатысуымен BIGPLAY.GG MLBB жаңа турнирлік экожүйесін таныстырды. Жоба Қазақстанның кәсіби киберспорт сахнасындағы позициясын күшейтіп, жергілікті командаларға тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.
Командалардың 70%-ы алғашқы үш аптада тарайды
BigPlay киберспорт платформасының бас директоры Александр Аманбаевтың айтуынша, жаңа BIGPLAY.GG MLBB жүйесі әуесқой турнирлерден бастап жоғары деңгейдегі жарыстарға дейінгі толық даму жолын қалыптастырады.
«Бұған дейін де тұрақты турнирлер өткізіп келдік. Енді оларды бір маусым аясында біріктіріп, бірнеше дивизион құрдық. Бұл – жаңадан бастаған ойыншыларға арналған ашық турнирлерден бастап, маусым финалы мен басты Road to BIG OLIMP турниріне дейінгі жүйе. Командалар рейтинг жинап, біртіндеп келесі деңгейге өте алады», – деді Александр Аманбаев.

Оның айтуынша, жас киберспорт сахнасының басты мәселелерінің бірі – құрамдардың тұрақсыздығы. Шамамен командалардың 70 пайызы алғашқы үш апта ішінде-ақ тарайды.
«Тұрақты турнирлер командалардың құрамын сақтап қалуға көмектеседі. Ұжымның тұрақты болуы үшін ойыншыларға ұзақ мерзімді мақсат пен нақты бағдар қажет. Жаңа жүйе дәл осы мүмкіндікті береді», – деді BigPlay басшысы.
MLBB – бұл да спорт
Olimp Games спорттық жобаларының директоры, бұрынғы кәсіби ойыншы әрі қазақстандық Konina Power киберспорт ұйымының негізін қалаушы Асқар DGR Ахметов брендтің BigPlay-пен серіктестік орнату себебін түсіндірді.
«Olimp Games үшін мобильді киберспортқа келу – біздің жұмысымыздың заңды жалғасы. Бұған дейін біз CS2 бойынша жобаларды, соның ішінде MPL және аймақтағы алғашқы әйелдер лигасы – FPL-ді дамыттық. Қазақстанның Орталық Азиядағы киберспорт хабына айналуына сенеміз. Сондықтан бізге жай ғана турнир ұйымдастырушы емес, MLBB-ді жақсы білетін, қауымдастықпен жұмыс істей алатын, тұрақты жарыстар өткізетін және қажетті технологиялық инфрақұрылымы бар серіктес керек болды. Осындай мүмкіндіктерді BigPlay құрамынан көрдік», – деді Асқар Ахметов.

Ол жас командаларды дайындаудағы тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби жолдың алғашқы қадамы – ойынға спорт ретінде қарау, нақты мақсат қою және жеңілісті де қабылдай білу екенін айтты. Сонымен қатар, жеке тәртіптің өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Жас құрамдарға турнирлер, жаттықтырушылар, әдістемелік дайындық пен алғашқы кезеңде қолдау қажет.
EvilKing: медиа – ойыншының дамуының маңызды бөлігі
Бұл пікірді презентация қонағы Руслан EvilKing жалғастырды. Ол ойыншы әрі контент жасаушыдан бастап, Team Yandex клубының MLBB бойынша спорт директоры деңгейіне дейінгі жолдан өткен.

Оның айтуынша, жас командалардың басты мәселесі тек тәжірибенің аздығында емес, ішкі ұйымдастырудың әлсіздігінде.
«Көптеген жас ұжымдарда бапкер де, менеджер де жоқ. Тіпті жеңілістен кейін қалай әрекет ететіні жөнінде келісім болмайды. Соның салдарынан құрамдар жиі өзгеріп, талантты ойыншылар көзге түспей қалады. Ал тұрақты турнирлер оларға мықты қарсыластармен ойнауға, тәжірибе жинауға және алғашқы сәтсіздіктерден кейін тарамауға мүмкіндік береді», – деді Руслан EvilKing.
Ол сондай-ақ кәсіби дамуда медианың рөліне ерекше тоқталды.
«Медиа – ойыншының дамуының ең маңызды бөліктерінің бірі. Стримдер мен контент жанкүйерлер аудиториясын қалыптастырып, ойыншылардың танымал болуына және қолдау табуына көмектеседі. Бірақ сонымен бірге психологиялық қысым да артады. Сондықтан жас киберспортшыларға сынмен жұмыс істеуді үйрететін тәлімгер қажет», – деді ол.
Moonton: Қазақстан MCC турниріне тікелей жолдама алады
Жаңа экожүйенің таныстырылымына ойын әзірлеуші Moonton компаниясының өкілдері арнайы қатысты.
«Өңірлерде тұрақты турнирлер өткізілмейінше кәсіби сахна дами алмайды. Дәл осындай жарыстарда ойыншылар тәжірибе жинап, командалар өседі, ал үздік қатысушылар көзге түседі. Қазақстанда және өзге елдерде MLBB-ге қызығушылық артып келеді. Сондықтан мұндай турнирлердің маңызы зор», – деді Moonton компаниясының Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Батыс Еуропа және Түркия аймақтары бойынша киберспорт бағытының жетекшісі Эйджей Джилка.
Тағы бір маңызды жаңалықты Moonton компаниясының киберспорт менеджері Владислав Самоха жариялады. Оның айтуынша, Қазақстан MLBB Continental Championships (MCC) – Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған кәсіби өңірлік лигаға тікелей жолдама алады.
«2027 жыл Қазақстан үшін көптеген жағымды жаңалық әкелетініне сенімдімін. Оның ішінде Moonton баспагер ретінде осы елде өткізетін жаңа турнирлер де бар. Мұның бәрі BigPlay және Olimp Games сияқты серіктестердің арқасында мүмкін болып отыр», – деді Владислав Самоха.

BIGPLAY.GG MLBB жаңа экожүйесі қалай жұмыс істейді?
Жүйе бірнеше дивизионнан тұрады.
Olimp Next Gen – барлық командаларға арналған апталық ашық турнир. Жүлде қоры – 500 АҚШ доллары.
Рейтингте жоғарылаған командалар Olimp Big Legends атты екінші дивизионға жолдама алады. Бұл турнирде әр апта сайын 700 АҚШ доллары сарапқа салынады.
Тұрақты маусым сегіз аптаға созылады. Оның қорытындысында рейтингтегі үздік командалар Olimp Final Season турнирінде бақ сынайды. Бұл жарыстың жүлде қоры – 1000 АҚШ доллары. Бір маусымдағы жалпы жүлде қоры 10 600 АҚШ долларын құрайды.
Бұдан бөлек, негізгі маусымнан тәуелсіз Road to BIG OLIMP турнирі өтеді. Оның жүлде қоры – 8000 АҚШ доллары. Жеңімпаз MLBB Continental Championships Season 8 жабық іріктеу кезеңіне жолдама алады.
Алғашқы Road to BIG OLIMP турнирі 10–16 тамыз аралығында онлайн форматта өтеді. Ашық іріктеу кезеңдері 10 және 11 тамызда, топтық кезең 13 тамызда, ал плей-офф пен гранд-финал 14–16 тамыз күндері ұйымдастырылады.
Турнирге Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің 16 жастан асқан ойыншылары қатыса алады. Ол үшін командалар BigPlay сайтында тіркеліп, ойын аккаунттарын көрсетіп, ұйымдастырушылармен және қарсыластармен байланыс үшін Telegram аккаунттарын байланыстыруы қажет.