Спортшы турнирге дайындалып жүрген кезде есінен танып қалған
Аустралиялық гольфшы Джессика Бэнг 18 жасында Таиландта қайтыс болды. Жас спортшы халықаралық KLPGA Tour іріктеу турниріне дайындалып жүрген кезде есінен танып қалған.
Оқиғадан кейін Бэнг Бангкоктағы Synphat Ramintra ауруханасына жеткізіліп, оған шұғыл түрде миына операция жасалған. Кейін спортшы жасанды өмірді қамтамасыз ету аппаратына қосылды.
Джессика Бэнг 13 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:20-да көз жұмды. Оның қайтыс болғанын бұған дейін медициналық шығындарды жабу үшін қаражат жинауды бастаған туыстары хабарлады.
Қайырымдылық науқаны барысында шамамен 36 мың аустралиялық долларға, яғни 11,8 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Бұл ақша спортшының емделуіне және денесін Австралияға жеткізуге жұмсалуы тиіс болған.
WPGA Tour ұйымы мен Аустралияның гольф қауымдастығы жас спортшының қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Бэнг кәсіби мансабын 2025 жылы бастаған. Биыл ол WPGA/KLPGA турының жаңа маусымына қатысуға мүмкіндік беретін лицензия алған. Ал ақпанда Аустралияда өткен Ford Women’s NSW Regional Qualifying турнирінде жеңіске жетіп, мансабындағы алғашқы ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізген еді.