Бразилияда тұратын қазақ балуаны Париж олимпиадасының іріктеу турниріне қатысады

Редактор
29.02.2024, 15:46

Ол грек-рим күресінен Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанған

tonyrotundo.smugmug.com

Бразилияда тұратын этникалық қазақ балуаны өзінің Париж олимпиадасына қатысты жоспарымен бөлісті. Грек-рим күресінен 60 келіде белдесетін Марат Гарипов 15 жылға жуық уақыттан бері жат елдің атынан сынға түсіп жүр.

Жамбыл облысының тумасы Kazinform-ға берген сұхбатында алдағы лицензиялық жарысқа тыңғылықты дайындалып жатқанын мәлімдеді.

«Халықаралық жарыстарға дайындығымды бастап кеттім. Алда әлемдік лицензиялық турнир өтеді. Соған қатысып, Париждегі олимпиада жолдамасын иеленуді мақсат тұтып отырмын. Мамырда Стамбұлда іріктеу турниріне дейін бабымды қалпына келтіру үшін АҚШ-та жаттығып жатырмын. Мұнда спаррингтегі қарсыластардан мәселе жоқ. АҚШ құрамасымен бірге Колорадода әзірлік жұмыстары жалғасуда. Қазіргі спорттық бабым жаман емес. Дегенмен, әлі де дайындықты пысықтай түсу қажет. Алға үлкен мақсат қойып, өзімнің өмірімдегі ең маңызды додаға қатысуға барымды салудамын. Бразилия күрес федерациясы тарапынан да айтарлықтай қолдау бар. Олар да менің жасы келген балуан екенімді жақсы түсінеді. Өзімнің отандасым Қанат Әбілдинов те спорт психологиясы жағынан көмегін аяп жатқан жоқ», - деді Марат Гарипов.

Бразилияда тұратын этникалық қазақ балуаны Марат Гарипов грек-рим күресінен Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ол кезінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болды. Тіпті, бірнеше халықаралық жарыстарда еліміздің атынан қатысып, Азия чемпионаты мен әлем кубогында қола жүлдеге қол жеткізді.

1984 жылы 17 қыркүйекте дүниеге келген М.Гарипов 2018, 2021 жылдары Панамерика біріншілігінде 60 келі салмақта үздік үштікке қосылды. Рио олимпиадасына қатысуды жоспарлағанымен, алған жарақатынан төртжылдықтың басты ойындарына өткізіп алды. Қандасымыздың Токио олимпиадасына да жолы түспеді. Айтуынша, сол кезде іріктеу турниріне қатысуға қаражат мәселесі кедергі болған.