Қазақстандық шахматшы әлем чемпиондарымен бірге жүлдеге таласады
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева беделді Tech Mahindra Global Chess League командалық турнирінде өнер көрсетеді.
Жарыс 5–13 қыркүйек аралығында Үндістанның Бенгалуру қаласында өтеді. Асаубаева турнирде FYERS American Gambits командасының намысын қорғайды.
Америкалық франшизаның құрамына қазақстандық шахматшыдан бөлек, өзбекстандық Жавохир Синдаров, ресейлік Даниил Дубов, үндістандық Нихал Сарин, ирандық Сара Хадем және француз Марк-Андриа Маурицци енген. Команданы гроссмейстер Сринат Нараянан жаттықтырады. Асаубаева — клубта өткен маусымнан қалған жалғыз ойыншы.
Global Chess League додасының биылғы маусымына алты команда қатысады. Әр ұжымның құрамында алты шахматшыдан болады: бір көшбасшы, екі ер, екі әйел және бір жас ойыншы. Турнирдің жалпы жүлде қоры — бір миллион доллар.
Жарыстың басты жұлдыздарының бірі Магнус Карлсен Alpine APL Pipers сапында ойнайды. Бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд PBG Alaskan Knights командасын бастап шығады. Қатысушылар арасында Ян Непомнящий секілді әлемге танымал гроссмейстерлер де бар.
Бибісара Асаубаева Үндістанға жоғары дайындықпен аттанады. Ол жуырда Францияның Сен-Тропе қаласында өткен WR Women’s Chess Tour кезеңінде рапидтен чемпион атанып, блиц бәсекесінде күміс жүлде жеңіп алды. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға қарашада Штутгартта өтетін Гранд-финалға жолдама әкелді.