Өзбекстан астанасында дзюдодан Grand Slam турнирі өтіп жатыр
Данияр Шамшаев Ташкент Гранд Слэмінің қола жүлдесіне қол жеткізе алмады. Ол үшінші орын үшін белдесуде өзбек балуанымен күресіп, небәрі 19 секундта қарсыласын өзінен асыра лақтырған еді. Алдымен төрешілер жеңісті қазақ дзюдошысына берген. Алайда, біршама уақыт өткеннен кейін тыйым салынған әдіс жасалды деп, Шамшаевтың жеңісін кері қайтарып алды.
73 келіде белдескен жерлесіміз турнирдің іріктеу кезеңдерінде Қырғызстан және Словения балуандарын ұтты. Ал ширек финалда ресейлік Махмадбек Махмадбековті қапыда қалдырды. Өкінішке қарай, ол жартылай финалда Ресей балуаны Данил Лаврентьевке жол берді. Ал қола медаль үшін белдесуде басымдық өзбек балуаны Обидхон Номановта кетті.
Ташкент Гранд Слэмінің екінші жарыс күнінде тағы бір қазақ балуаны қола медаль үшін күреседі. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар үшінші орын үшін жапониялық Таканори Нагасемен өзара мықтыны анықтамақ.
Іріктеу кезеңдерінде Ресей балуаны Давид Карапетянды ұтқан Абылайхан Жұбаназар 1/8 финалда мароккалық Ашраф Моуитиден басым түсті. Ал жартылай финалдың жолдамасы үшін Омар Бажаблимен сынға түсіп, қарсыласына жол берді. Ал жұбаныш белдесуінде әлем чемпионы, израильдік Саги Мукиден мықты екенін дәлелдеді.