Ташкент Гранд Слэміне Қазақстаннан барған 26 дзюдошының 25-і жеңіліп қайтты

Редактор
03.03.2024, 15:56

Тек Абиба Әбужақынова күміс жүлдегер атанды

olympic.kz

Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан Гранд Слэм бәсекесінің үшінші күнінде татамиге шыққан Қазақстан дзюдошыларының барлығы жүлдесіз қалды.

Турнирдің соңғы күнінде күрескен балуандарымыз алғашқы айналымнан аса алмай, жаппай жеңіліп жатты.

Бүгін 90 келіде күрескен Айдар Арапов бірінші белдесуде неміс дзюдошысы Мартин Матижастан ұтылды. Осы салмақта күрескен тағы бір отандасымыз Ермахан Әнуарбеков алғашқы айналымда түркімен балуанын ұтса, одан кейінгі кезеңде ресейлік Михаил Игольниковке есе жіберді.

-100 келіде Нұрлыхан Шархан бірінші кездесуде өзбекстандық Рустам Шорахматовқа жол берді. Бекзат Шағатаевтың да жолын Өзбекстан балуаны Ерназар Сәрсенбаев орап кетті.

Аса ауыр салмақта ел намысын қорғаған Ерасыл Қажыбаев Франция өкілі Хамзат Сапарбаевты жеңгенімен, екінші кезеңде әлем чемпионы, ресейлік Инал Тасоевтан айласын асыра алмады. Ал Ғалымжан Қырықбайдың жолы бірінші айналымда аяқталды. Ол Қырғызстан дзюдошысы Эмирхан Жолдасказиевті жеңе алмады.

Әйелдер арасында -78 келіде күрескен Маргарита Гриценко жарысты жеңіспен бастады. Бірінші кездесуде Латвия балуаны Жулия Дуденайтені ұтқанымен, кейін Израиль балуанына қарсы төтеп бере алмады. Бұл салмақта белдескен Аруна Жангелдина бірінші белдесуде Түркіменстан балуаны Юлдуз Мурадованы ұтты. Алайда, екінші айналымда жапон балуанына қарсы айла таба алмады.

+78 келіде Кәмила Берліқаш неміс спортшысынан, ал Назгүл Маратова Бразилия дзюдошысынан ұтылып, жарысты ерте аяқтады.

Ташкентте үш күнге созылған Гранд Слэм турнирінде Қазақстан спортшылары тек бір жүлде ғана иеленді. Ол – әйелдер арасында 48 келіде белдескен Абиба Әбужақынова иеленген күміс медаль. Сондай-ақ, 73 келіде Данияр Шамшаев пен 81 келіде белдескен Абылайхан Жұбаназар қола медальға күресуге мүмкіндік алған еді. Алайда, екеуі де жүлдеден тыс қалды. Айта кететін жайт, Данияр Шамшаев өзбекстандық қарсыласын 19 секундта өзінен асыра лақтырған еді. Алайда қарсыласының қол тіреп, шынтақ тұсынан сүйегі шығып кетті. Алғашында төрешілер жеңісті Шамшаевқа бергенімен, видеоқайталаудан кейін ереже бұзылғанын анықтап, жерлесіміз жүлдесіз қалды.

Аталған турнир Қазақстан құрамасы үшін жыл басынан бері төртінші жарыс болып отыр. Бұған дейін Португалия Гран Приі, Баку Гранд Слэмінде Абиба Әбужақынова екі рет қола медаль иеленді. Ал Париж Гранд Слэмінде Нұрлыхан Шархан қола жүлдеге қол жеткізген болатын.