Әбужақынова – 4, Сметов 26-орында: Қазақстан дзюдошыларының рейтингтегі орны анықталды

Редактор
04.03.2024, 14:17

Балуандарды Олимпиада ойындарына дейін тағы бірнеше жарыс күтіп тұр

коллаж: 1bol.kz

Дзюдодан Ташкентте аяқталған Гранд Слэм жарысынан кейін Қазақстан балуандарының рейтингтегі орны өзгерді.

60 келіде Елдос Сметов 30-орыннан 26-ға көтерілді. Осы салмақта 18-ші сатыда тұрған Мағжан Шамдадин бір саты көтерілсе, Нұрқанат Серікбаев 19-дан 21-ші орынға сырғыды.

Әйелдер арасында 48 келіде Ташкентте күміс жүлдегер атанған Абиба Әбужақынова 5184 ұпаймен өз салмағында 4-ші орынға жайғасты.

66 келіде Ғұсман Қырғызбаев 2 орын төмендеп, 17-ші орынға жайғасты. 73 келіде 13-орында тұрған Данияр Шамшаев 2 орын төмендеп отыр.

81 келіде Ташкент турнирінде 5-орын иеленген Абылайхан Жұбаназар рейтингте екі орын алға жылжып, 12-ші сатыға тұрақтады.

90 келіде күрескен Айдар Арапов 95-тен 83 орынға қарай ойысты.

Өткен айда Париж Гранд Слэмінде қола жүлдегер атанған Шархан Нұрлыхан рейтингтегі 14-ші орнын сақтап қалды.

Аса ауыр салмақта күрескен Ғалымжан Қырықбай – 33, Ерасыл Қажыбаев 36-шы орында.

Әйелдер арасында аса ауыр салмақта белдескен Кәмила Берліқаш бір орынға төмендеді. Отандасымыз әлем бойынша +78 келіде 17-ші орында тұр.